1) Исламның 5 діңгегі
1) Исламның 5 діңгегі

Омар ибн әль-Хаттабтан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):

«Ислам діні келесі бес діңгекке негізделген: Куәлік ету (Ән лә иләәhә илла Алла уә әннә Мухаммадан расуль Алла), Намаз оқу, Зекет беру, Қажылық ету, Рамазан оразасы».  (Бұхари, Муслим)

Хадисті жеткізуші кім?

Абдулла ибн Омар ибн әль-Хаттаб (Алла ол екеуінен разы болсын) Меккеде ислам дінін қабылдаған, әкесімен бірге хижрет еткен (Меккеден Мединаға қоныс аударған), сахабалардың арасында фиқh ілімінің білгірі және тақуасы болған. Көп хадис жеткізушілердің қатарынан. Ридуан келісімінде болған және көптеген соғыстарға Пайғамбарымызбен (Алланың игілігімен сәлемі болсын) бірге қатысқан. Хижраның 73-ші жылы 84 жасында қайтыс болған. Мекке маңында жерленген.

Хадиске түсіндірме:

Ислам- Алланың хақ діні. Алла оны бес діңгекпен құрылымын бекемдеп, дәрежесін көтерді. Ол-ең үлкен діңгегі ортасында тұрған бес діңгекті үлкен үй секілді. 

Бірінші діңгегі: Куәлік ету- Алланың бірлігіне және серігінің жоқтығына, ұлықтауға және құлшылық жасауға ең лайықты екендігіне, Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болосын) оның құлы және барша адамзатты күпірлік қараңғылығынан имани нұрға шығаруға және тура жолға бастау үшін жіберілген елшісі екендігін жүрекпен сеніп, тілмен айту.

Екінші діңгек: Намаз оқу - Шарттары мен рүкіндерін ескере отырып, әлемдердің раббысына ықыласты түрде, қорыққан түрде өз уақытымен өтеу. Не үшін оқимыз? Жанымыздың тазаруы үшін, Алланың таңдаулы, тура болған жолынада жүру үшін оқимыз.

Үшінші діңгек: Зекет беру- Байлардың Алла разылығын көздеп, кедейлер мен міскіндердің қажеттерін өтеу үшін малдарынан бір бөлігін беруі. Не үшін беріледі? Мұсылмандардың арасындағы тепетеңдік пен баурмашылдықтың орнауы үшін.

Төртінші діңгек: Қажылық ету- Мұсылмандардың қағбасы, бет түзейтін құбыласы, мұсылмандардың бірлігінің рәмізі болған меккедегі Ұлы Алланың үйін зиярат ету. Не үшін зиярат етіледі? Мұсылмандар арасындағы ақ демей, қара демей, бай демей, кедей демей тепетеңдікті сақтау үшін, Аллаға деген ниеттің күшейуі үшін, дүние зейнеттерінен босап, ақырет күнін еске алып, оған дайындалу үшін, және де салихалы амалдармен азықтану үшін қажылық өтеледі.

Бесінші діңгек: Рамазанда ораза ұстау- Алла Тағала көріп тұр деген ниетпен жаныңды тазарту. (Ораза кезіңде жегеніңді адамдарға білдіртпеуің мүмкін, бірақ Алла көріп тұр ғой деген ниет) Не үшін ораза ұстаймыз? Сабырлық ету, қиыншылыққа төзе білу, Алланың нығметтеріне шүкіршілік ете білу үшін.

Бұл хадисте сөзбен, денемен, дүние-мүлікпен, денемен және дүниемен, тыйылумен жасалатын амалдарды бір арнаға жинап айтып отыр.

 Сөзбен дегеніміз- Куәлік етуді, денемен дегеніміз- намаз оқуды, дүние-мүлікпен дегеніміз- зекет беруді, денемен және дүниемен дегеніміз- Қажылықты, тәрк ету дегеніміз- Оразаны білдіріп отыр.

Кәміл болған мұсылман осыларды толықтай сақтап орындап жүреді. Не үшін? Алланың разылығына жету үшін. Ал, Алла кімге разы болса, ол пенденің екі дүниеде де бақытқа жеткені. 

 Бұл хадистен не аламыз: 

1- Исламның қуатты және ұлы екендігін түсінеміз.

2- Бес діңгектің ішіндегі алғашқы діңгектің қаншалықты маңызды екендігін және олсыз ислам дұрыс болмайтындығын, куәлік етпейінше ізгі амалдардың қабыл болмайтындығын түсіндік. 

3- Ал қалған төрт діңгектің алғашқы діңгекке негізделетінін және кім де кім осы төрт діңгекті орындауда жалқаулық танытса, дінінде әлсіз болатындығын түсіндік. 

Ал егер кім де кім осы діңгектердің қайсы біріне қарсы келіп, келекелеп мойындамаса, діннен шығып кетеді. Алла бізді одан сақтасын!

 

 

хадис, намаз оқу, Пайғамбарымыз, ораза ұстау, Омар, зекет беру, Исламның 5 шарты, Куәлік ету, Қажылық ету
Бақдаулет ЕркінбекБақдаулет Еркінбек
6 жыл бұрын 6640
0 пікір
Блог туралы